«ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ» атты дөңгелек үстел өтті

Назарбаев орталығында

«ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ» атты дөңгелек үстел өтті

2013 жылдың 6 қарашасында Назарбаев орталығында «ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға нақты ісімен үлес қосқан азаматтарды «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттау салтанатты шарасының аясында ұйымдастырылған болатын. Шара Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесіндегі жалпы қоғамдық сананы және биік деңгейдегі тіл мәдениетін қалыптастыру мақсатын көздеді. Оған Қазақстанның барлық аймағынан арнайы «Тіл жанашыры» марапатының салтанатты рәсіміне жиналған делегаттар қатысты.

Дөңгелек үстелді «Назарбаев орталығы» ММ-нің Мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселесі және даму институтының бастығы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ерлан ЕрназарұлыСайлаубай жүргізіп отырды. Дөңгелек үстел басына жиналғандар көптілдік жағдайындағы мемлекеттік тілдің орны; Қазақ тілін жаңғырту және терминология мәселесі; Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы; Үш тілділік жағдайында қазақ тілін оқып-үйренуге басымдық беру; Қазақ тіліндегі телеарналар, бағдарламалар, фильмдер, мультфильмдер, басылымдардың сапасын көтеру; Тіл мәдениеті және бүгінгі қоғам тақырыбындағы мәселелерді талқылады.

Баяндамашылар қатарында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы Сабыржан Сағидоллаұлы Мұхтаров, «Назарбаев орталығы» ММ-нің Мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселесі және даму институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қаныш Тілеужанұлы Бибеков, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Тұрсын Сыдықұлы Сыдықов және т.б. болды.

Қызу пікірталас қыздырған дөңгелек үстелге қатысушылар жиын соңында қарар қабылдады. Қабылданған қарарда:

- Қазақстан Республикасындағы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық қолданысқа түсуі үшін қоғамдық ұйымдар, азаматтардың барлығы бірдей мүдделі болып үлес қосуы;

- Қазақ тілін заманға лайық жаңғырту және ғылым тілі ретінде терминологиясын бір ізге түсіру ісінде тіл мамандары, ғалымдар қарқынды жұмыстар жүргізуі керек, осы мақсатта мемлекет тарапынан арнайы ғылыми жобаларға конкурс жарияланып, қаржыландырылуы;

- Термин мәселесі Мемлекеттік терминология комитетінің бақылауында болуы әрі Терминология комитетінің құзыреті күшейтілуі жөнінде ұсыныс жасау;

- Қазақ тілін оқытуда әлемдік озық тәжірибеге сүйенумен бірге, еліміздің мамандары қалыптастырған тиімді әдістемелер кеңінен насихатталып таратылуы;

- Қазақ тіліндегі телехабарлардың сапасын арттыру бағытында ұсыныс жасау;

- балаларға арналған қазақ тілінде бағдарлама, фильм, мультфильм, басылымдар және компьютерлік ойындар шығару мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие болуы, сол бағыттағы арнайы жобаларға байқау жариялану керектігі айтылған.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры, п.ғ.д. Шынар Қапантайқызы ҚҰРМАНБАЕВА: «Біздің мемлекетімізде мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту саясаты тұрақты саясат деп санаймын. Ол бірте-бірте кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, басқа тілдерге қысым жасалмай, толеранттық жолмен дамып келеді. Сондықтан қазақ тіліне жойылып кетеді дейтіндей қауіп жоқ. Тіл меңгеруде қажеттілік болған жағдайда кез келген адам кез келген уақытта тілді үйреніп кете алады деп ойлаймын».

Жәмиға НЫҒМЕТ, ҚР білім беру ісінің үздігі: «Әрине, тіл жанашыры болу – таза адамның бойындағы намысымен, ұлтжандылығымен келетін нәрсе. Осында келген тіл жанашырларымен әңгімелесе жүріп байқағаным, олардың ешқайсысы да мен тіл жанашырымын деп айқайлап істемейді, үн-түнсіз ғана өзінің кәдімгі шаруаларын тындырып жүргендер. Олар өз үлестерін перзенттік парызым, ұлттық парызым деп түсінеді. Бұл тұрғыдан алғанда, тіл жанашырларына жасалып жатқан құрмет өзгелерге құрмет деп ойлаймын, өзге тілді азаматтарға жасалған құрмет тіпті ерекше деп айтуға болады».

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсын Сыдықұлы СЫДЫҚОВ: «Нерудің айтатыны бар: екі халық бар. Біреуі – отар болмаған, ал екіншісі – отар болған халық. Біз 1723 жылдан бастап 1991 жылға дейін Ресейдің отары болып келдік. Езді, қанады, соқты, жерімізді тартып алып, биліктің бәрін алды. Ал соған қарсы шыққан ұлтжанды азаматтардың барлығын түрмеде шірітті, өлтірді, асты, атты, көзін жойды. Біздің халық отаршылдардың алдында басын иіп, психологиясы құлдық психологияға айналды. Сондықтан да біз оларға қарсы шыға алмадық, әлі де қарсы шыға алмаймыз. Жаңа ұрпақ келе жатыр қысымшылық көрмеген. Аға ұрпақтың жіберген кемшіліктерін болашақ жібермейді, оның бір дәлелі Желтоқсан оқиғасы ғой. Желтоқсан оқиғасын біз жасағанымыз жоқ, біздің әкелеріміз жасаған жоқ, қорқып келді. Ал кейін келген ұрпақ, еркін өскен ұрпақ қысымға шыдай алмады, тар қыспаққа төзе алмады, оларға тәуелсіздік керек болды. Бәрін лақтырып тастады да, іске кірісті».

Республикалық «Қазақ газеті» акционерлік қоғамының облыстағы өкілі, Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басқарма бастығы Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ: «Елбасымыздың айтқаны бар: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген. Сондықтан бос даурығудың қажеті жоқ, бара-бара тіліміз тұғырына қонып келеді, Президентіміздің берген тапсырмасы да бар. Алдағы уақыттарда қазақ тіліне толық көшіп, «Қазақ мемлекеті» дейтін атауға лайықты боламыз. Мемлекеттік тілдің даму деңгейі көңілге қонарлық деңгейде деп санаймын. Мынау ұйымдастырылып жатқан шараға келгенім осы. Тыңдадым, ойымды ортаға салдым. Осындай шаралар жиі-жиі ұйымдастырылып тұру керек, өйткені тілдің дамуына көп пайдасы бар. Қазақ тілінің қолдану аясын арттырып жатқан шаралардың ішіндегі ең бір мықты шара деп айтар едім».

Дөңгелек үстел басталғанға дейін қонақтар мен «Тіл жанашыры» марапаттау рәсіміне келген делегаттар Назарбаев орталығының мұражайы мен кітапхана қызметкерлері арнайы әзірлеген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» аттытақырыптық көрмелерімен танысты. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне арналған семинар да осы күні өтті. Семинардың модераторы «Назарбаев орталығы» ММ Мемлекеттілік, қауіпсіздік пен даму мәселелері институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қаныш Тілеужанұлы Бибеков болды.

Еске сала кетсек, 2007 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келе жатқан марапаттау рәсімінде «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен мемлекеттік тілді қолдау мен кеңінен қанат жаюы, дамуы мәселелерімен айналысатын, оны насихаттау мен қолданысқа ендіру ісінде зор үлес қосқан азаматтар марапатталып келеді. Аталмыш марапаттауды өткізуге бастама көтерген әрі алғаш ұйымдастыруды қолға алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен «Тіл жанашыры» қоғамдық қоры, сонымен қатар, «Тіл» журналы болды. «Тіл жанашыры» қоғамдық қорының құрметті Төрағасы – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы, «Назарбаев орталығы» ММ директоры міндетін уақытша атқарушы Махмұт Қасымбеков.