Саясат Нұрбек: өңімде де, түсімде де әртүрлі тілдерде сөйлеймін

Қазақ жігітінің таудай талабы мен еңбексүйгіштігі тәнті етеді. Полиглот Саясат Нұрбек 9 тілде еркін сөйлейді. Оған қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. Тілді меңгерудің арқасында жасөспірім алғашқы нәпақасын тапқан.

– Семейде Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенімде түрік және ағылшын тілдерін үйрендім. 15 жасымда қаладағы үлкен көпірді салған жапондық компанияға аудармашы ретінде жұмысқа орналастым. Менің басшым ниет танытып, маған жапон тілін үйретті. Кейін Италияда магистратурада оқып, олардың ана тілдерін және латын әліппесін меңгердім. Қоржынымда араб, испан тілдері де бар. Негізінен әртүрлі тілдерде ойлаймын. Бірақ үйде балаларымен тек қазақша сөйлесемін. Өңімде әрі түсімде де әртүрлі тілдерде сөйлеймін, - дейді Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Саясат Нұрбек.

0U3A8535

Білімді әрі білікті Саясат Нұрбек «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының тыңдаушыларымен сыр бөлісті. Тағылымды кездесуге еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттері қатысты. Салиқалы сұхбаттың ұйымдастырылуына «Болашақ» қауымдастығы және Елбасы кітапханасы мұрындық болған.

Саясат Нұрбек 3 жылдан бері еліміздегі ұлттық құндылықтар жүйесін зерделейді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «отандастарымыз қателесуге қорқады» деген тоқтам шығарылған. Бірақ «Болашақ» бағдарламасы түлегінің пайымынша,  жастар жаңашылдыққа жақын болуы тиіс. Тек нақты кесім шығару үшін оны жеті мәрте өлшеп алған абзал. «Соңғы 15 жыл бойы «Көшпенділер» кітабын оқимын. Тарихи жинақтан көреген саяси шешімдер мен даналық сөздерді ойыма тоқып аламын. Мағынасы мен мазмұны өте терең. Оны күнделікті қызметімді де кәдеге жаратамын», - дейді ол. Тәжірибелі саясаттанушының пікірін Бекет Мырзаханов құптайды. Зерек оқушының арманы – әуе жолын жетік меңгерген ұшқыш атану.

0U3A8536

– Әлем азаматы ретінде саяхаттап, Қазақстанның беделін көтергім келеді. Әзірге 4 тілде еркін сөйлеймін. Бірақ адам мүмкіндігінде шек жоқ. Оны Елбасы кітапханасындағы бүгінгі кездесу және «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарында ұғындым. Даму үшін бізге барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшымыздың ұсынған басты реформаларымен жан-жақты танысып, жаңа ақпарат алдық. Елбасы кітапханасы бірегейлігімен, құнды қорымен тәнті етті. Осы семинардың арқасында бас қаламыздың ажарына алғаш рет куә болдым, - дейді 10 сынып оқушысы.

«Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының барлық тыңдаушыларына сертификаттар және естелік сыйлықтар табыс етілді. Енді рухани азық алған алғыр да зерек оқушылар жаңа күшпен күнделікті сабақтарына кіріспек.

0U3A8543