«Әлемді өзгертетін идеялар» әскерилер мен болашақ дәрігерлерді тоғыстырды

Бейбіт Мұстафа – болашақ онколог-дәрігер. Әзірге студент теориялық білімін шыңдауда. Күрделі мамандық асқан жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті талап етеді. Оны түйсінген жас әдебиеттерді парақтап, ғылыми жұмыстармен айналысуға бел буған. Алматылық студент зерттеулеріне қажетті мәліметтерді «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарында да түртіп алды.

1X7A4338

– Ұстаздарымыз медицина мамандығы ұлт пен тілге бөлінбейді дейді. Сондықтан болашақта халыққа сапалы қызмет көрсетіп, бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосқым келеді. Әзірге қос ғылыми жұмысыммен мақтана аламын. Олардың бірі медбикелер қызметіндегі мәселелерге, екіншісі студенттердің тамақтану тәртібін арқау етеді. Менің кәдеме жарайтын әдебиеттерге Елбасы кітапханасында да көзім түсті. Рухани орындағы сирек кездесетін кітаптар, Елбасының мазмұнды еңбектері бей-жай қалдырмайды, - дейді  С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті.

Бұл жолы «100 нақты қадам» ұлт жоспарын ҚР  Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері зерделеді. Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері екі күндік дәріс барысында 5 институционалды реформаның әрбір бағытын жете түсіндірді.

1X7A4355

– Семинар біздің білім көкжиегімізді кеңейткені сөзсіз. Оның арқасында әрбір қадамға жан-жақты үңілдік. Оқытушы ретінде дәрістер мен үшін өте мазмұнды өтті. Елбасы кітапханасына алғаш рет келіп, Мемлекет басшымыздың жан-жақтылығына, көрегендігіне тәнті болдық. Ол өз қолымен көптеген құжаттарға түзету енгізген. Бұл Елбасымыздың асқан жауапкершілігін білдіреді. Оның негізінде жас ұрпақты тәрбиелеу қажет, - деп өзінің әсерімен  ҚР  Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті кафедрасы басшысының орынбасары Сергей Елисеев бөлісті.

Семинардың барлық қатысушыларына сертификаттар және естелік сыйлықтар табысталды.