Сара Тоқтамысова: «Таяуда балаларға арналған өлең кітабым жарық көреді»

Әкесі қызының Гиппократ антын қабылдауын қалағанымен, Сараның өнерге бүйрегі бұрған. 7-8 сыныпта жасөспірімнің ақындыққа қызығушылығы оянды. 1 ай ішінде домбыра шертуді үйренген оқушы Семей өңірінде алғашқы байқауларда бағын сынаған. Мектеп түлегінің айтыс өнеріне сапары Алматыдағы республикалық додадан бастау алды.

1X7A4267

– Мен үшін айтысқа келген көрерменнің сенімін ақтасам екен деген ой әрдайым мазалайды. Кез келген айтыстың өзіндік толғағы мен қиындығы бар. Сондықтан әрбір бәйгеге тыңғылықты дайындаламыз. Бұл ретте екі ұлымның тәрбиесіне жіті назар аударамын. «Домбыра асып алып, балалары тәрбиесіз болды» деген сөзден қорқамын, - деп кездесу барысында еліміздің белгілі айтыскері Сара Тоқтамысова өзінің ой-пікірімен бөлісті.

Игі дәстүрге айналған «Мәңгілік мұра» шығармашылық кездесуіне Елбасы кітапханасы және «Болашақ» қауымдастығы мұрындық болған. Сырлы сұхбат барысында қоғамды толғандыратын келелі мәселелер қаузалды. Жастармен қатар әскерилер де белсенділік танытты. Бауыржан Тілеужанов балаларға арналған қазақша әдебиеттің сапасы көңіл көншітпейтінін алға тартты.

1X7A4260

– Балалар үшін сапалы әдебиеттерді табу қиынға соғады. Базар маңынан қазақ ертегілері кітабын сатып алуға тура келді. Оның өзінде қателер көзге түрпідей тиеді. Кейде баламның оқитын кітаптарын түсінбей дал боламын. Кітап шығару пайда көзіне айналып кеткен жоқ па? Осы мәселені алдағы айтыстарда қозғасаңыз, - деп өзінің бұйымтайын айтыскерге ҚР  Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы білдірді.

Балалар әдебиетінің ақсайтынын айтыскер де мойындайды.

– Сөзіңіздің жаны бар. Кез келген балалар кітабын ұлдарыма оқуға бермеймін. Ертегілер жинағы болғанымен, өрескел қателер табылуы мүмкін. Менің әлеуметтік желідегі парақшамда «Кел жатпайық, балалар» деген айдармен өлеңдерім жарияланады. Олардың арасында санамақтар да бар. Жақында балаларға базарлық ретінде өлең кітабын шығару ойда бар. Бұл тіл маманы ретінде балалар әдебиетін дамытуға қосатын үлесіме айналатынына үміттімін. Болашақта шәкірт тәрбиелеп, ғылыми жұмыстармен айналысуды жоспарлап отырмын, - дейді айтыскер.

1X7A4278

Халықтың мұң-мұқтажын өлеңмен өретін нәзік жан бүгінгі айтыстың аяқ алысың оң бағалайды. Оның айтуынша, жас дарындар үшін өзіндік мақам табу оңайға соқпайды.