«Нұрсұлтан Назарбаевтың үлгісі: бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» халықаралық форумы өтті

Елбасы кітапханасында «Нұрсұлтан Назарбаевтың үлгісі: бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» халықаралық форумы өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және шығармашыл зиялы қауымның, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Ресей, Еуропалық Одақ, Латын Америкасы, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

1X7A3533

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова форумға қатысушыларға арнаған сөзінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқымды тұлғалық ерекшелігіне тоқталып өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан этносаралық келісім мен халық бірлігі саласында жаһандық көшбасшылардың біріне айналғанын айтты.

«Биыл еліміз үшін үлкен тарихи белес – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін дәуірлік оқиғалармен өлшенетін бейбітшілік пен келісімнің шежіресіне айналды. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесі аса жауапты тарихи міндетті орындау кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Бес институционалдық реформаның түпкілікті мақсаты, арман-мұраты, ортақ болашағы – біртұтас ұлт құру екенін айтқым келеді», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова форумның ашылу салтанатында.

1X7A3492

Форумға қатысушылар полиэтникалық жағдайдағы этносаралық диалог моделі қалыптасуының және дамуының отандық және әлемдік тәжірибесін, азаматтық біртектілікті нығайтудың факторы ретінде полиэтникалық қоғамдағы интеграциялық үдерістерді, сондай-ақ тіл саясатының баршаны біріктірудегі рөлін талқылады.

Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Президентіне жолданатын оның бейбітшілік пен келісім саясатын, сондай-ақ әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық бастамаларын қолдау туралы үндеу мәтіні бекітілді.

1X7A3473