Қазақстан мен Қытай: ықпалдастық көкжиектері

2016 жылғы 31 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Еуразия геоэкономикасы: түйісуден ынтымақтастыққа дейін» атты кезекті халықаралық ғылыми конференция өтті. Маңызды басқосу қазақстандық және қытайлық сарапшылар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған. Оған Кітапхананың Талдамалық орталығы және Қытайды зерттеу орталығы (Астана қ.), Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы (ҚҚҒА) Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (Бейжің қ.) мұрындық болды.

Халықаралық ғылыми конференцияда еліміздің және ҚХР екіжақты қарым-қатынасы, аймақтық ынтымақтастықты және экономикалық ықпалдастықты нығайту, Еуразияда көлік-логистика саласына серпін беретін «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу – бір жол» жобасының үйлесімі,  ЕАЭО және Жібек жолы экономикалық белдеуі арасындағы ықпалдастық кеңінен талқыға салынды. Жиын барысында еліміздің және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының жетекші сарапшылары өздерінің пікірлерімен бөлісті.

1X7A4164

– Еуразиялық экономикалық одақ және Жібек жолы экономикалық белдеуі арасындағы түйісудің үлгісін айқындау қажет. Себебі ЕАЭО - көпұлтты ұйым. Ал ЖЖЭБ көпұлтты сипат тән емес, бұл стратегиялық жоба саналады. Екеуінің үлгілері әртүрлі. Олардың арасында ынтымақтастықтың тиімді жолын белгілеу талап етіледі, - деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов.

ЕАЭО және ЖЖЭБ арасындағы ықпалдастықтың көкжиектері кең. Басты басымдықтарға ҚХР ҚҚҒА Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институты директорының орынбасары Сун Ли кеңінен тоқталды. «ЕАЭО географиялық орналасуы тиімді. Көлік, энергетика және сауда-саттық, мұнай салалары бойынша өзара байланысты нығайтуға болады. ЕАЭО және ЖЖЭБ ықпалдастығы аясында қуат тасымалдағыштарды экспорттауды әртараптандыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. 2019 жылы ЕАЭО ортақ энергетикалық нарық құрылса, бұл екі тарап арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтереді. Халықаралық өндірістік кооперация, терең өңдеу бойынша өзара байланысты дамыта аламыз», - дейді ол.

1X7A4168

Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемі артып отыр. Оның арқасында қос мемлекет арасындағы алыс-беріс күшейіп, бірлескен жобалар қолға алынуда. 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында тауар айналымы 4,9 миллиард долларға жеткен. Соңғы 5 жылда елімізден аспан асты еліне жеткізілген тауарлардың тең жартысын мұнай өнімдері, мыс, өңделмеген металдар құрайды.

Енді Қытай ЕАЭО мемлекеттерімен еркін сауда аймағын құру мүмкіндігін пысықтауда.  Бұл туралы конференция барысында «Бір белдеу – бір жол» орталығы басшысының орынбасары Чжан Нин мәлімдеді. «Импорттық кедендік баж салығы тарифтері Өзбекстанда, Қытайда жоғары. Тарифтердің төмендігі ЕАЭО мемлекеттерінде байқалады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бүгінде Қытай еркін сауда аймақтарын құруға баса назар аударып отыр. Бұл бағытта 2007 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның арқасында еркін сауда аймағы бойынша 23 мемлекетпен 15 келісім жасалды. Бірақ біздің мемлекетіміз үшін бұл өте төмен көрсеткіш», - деді ол.  

1X7A4184

ҚҚҒА Ресей саясаты бөлімінің басшысы Пан Дапэн ЕАЭО және ЖЖЭБ арасында байланыс көпірін орнату үшін 2 қағиданы жетекшілікке алу қажеттігіне баса назар аударды. Өзара құрмет және тең құқықтық арқылы ғана экономикалық өсімге қол жеткізеді.

Жиын барысында еліміздің транзиттік әлеуеті де паш етілді. Жаңа бағыттарда темір жолдар салынып, логистикалық терминалдар бой көтеруде. Оның мүмкіндіктерін «Жібек жолы» халықаралық логистика және бизнес институты Қамқорлық кеңесінің мүшесі Ерхат Есқалиев бағамдады: «Мемлекет басшысы шетел инвесторларының 25-ші кеңесінде «Жаңа Жібек жолы» жобасын жариялады. Оны қытайлық тарап қолдап, жаңа бастаманы көтерді. Оның түпкі мәні – сауда-саттықта. Еуропаның, Ресейдің және Қытайдың ірі тұтынушылары арасында орналасқан Қазақстан Дубай және Сингапур іспетті транзитті мемлекетке айналып отыр. Бағалау жұмыстары бойынша еліміздің аумағы арқылы өтетін транзит 1 трлн  жетуі мүмкін. Бұл біз үшін экспортты арттырудың және сауда ағындарының желісін құру мүмкіндігі».

1X7A4189

Іс-шараға Орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен шетелдік елшіліктердің өкілдері, талдау құрылымдары мен ведомстволардың қызметкерлері қатысты.

 Конференция дәстүрге айналған ашық пікірталас үлгісінде өтті.