Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды.   

Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.

Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары терең зерттеулерге арқау болып, оған халықаралық деңгейдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының назары күшейіп отыр.

Бұл тарауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені туралы қалам тербеген шетелдік БАҚ жарияланымдарымен танысуға болады.  

 

Владимир Путин. Ресей Федерациясының президенті

«Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді?

Джордж Буш. АҚШ президенті (1989-1993 жж.):

«Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық реформаларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетістіктер қажырлы еңбегіңіздің ақталғанын көрсетеді».  

Барак Обама. АҚШ Президенті (2009-2017)

«Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүмкіндік берді.

Кофи Аннан. БҰҰ Бас хатшысы (1997-2006 жж.)

«Қазақстан - ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны тараптау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты.

Пан Ги Мун. БҰҰ бас хатшысы

  «Президент Назарбаев әлемдік саясаттағы бітімгер саясаткер. Оның саяси шешімдері әлем басшылары үшін үлгі болуы тиіс».

Ли Куан Ю. Сингапур Республикасының бірінші премьер-министрі (1959-1990 жж.)

  «Президент Назарбаев — кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері — белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады».