Елбасы кітапханасының музейлік жинағындағы ең басты әрі маңызды топтамалар - ол Елбасының наградалар қоры. Елбасының наградалар қоры Жоғары мемлекеттік наградалар топтамасы және Қоғамдық наградалар топтамасы болып екіге бөлінеді.
Қару-жарақ және әскери сауыт-сайман топтамасына оқпен ататын қарулар (қару-жарақты қолдану арқылы жасалған паннолар болса), суық қарулар, қорғаныш қарулары, ат жабдығы (ер тоқым жабдықтарымен, қамшы), амуниция (аңшылардың жарақтық заттары, сонымен бірге әскери және аңшылық тақырыбына қатысты басқа да заттар) кіреді.
Бағалы металдар мен бағалы тастар бұйымдары топтамасына аталған материалдар мен тастардан жасалған кәдесыйлық бұйымдар мен композициялар, зергерлік бұйымдар, сәндік (декоративті) ыдыс-аяқтар, діни қызметтегі ыдыс-аяқтар, тұрмыстық заттар, нумизматика және т.б. кіреді.
Материалдық мәдениет заттары топтамасына макеттер, спорттық инвентарь және үстел үстілік ойындар, өндірістік құралдар және өнімнің үлгілері, музыкалық аспаптар, тұрмыс заттары, автокөліктер, археологиялық артефактілер кіреді.
Жұмсақ инвентарь топтамасына тұрмыс заттары (сүлгі, дастарқан, майлық), вексиллология (ту, жалау, байрақ, жалауша), матаның әр түрінен жасалған, жұмсақ материалдардан дайындалған жұмсақ кәдесыйлар кіреді.
Киім топтамасына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке киімдері, арнайы киім (спорттық, жұмыс, іскерлік, әскери киім), әлем халықтарының ұлттық киімі, шетелдік және отандық оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің мантиялары, бас киімдер және аяқ-киімдер кіреді.
Бейнелеу өнерінің туындылары топтамасына мүсін, сурет өнері, графика, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, нобайлық және кеңістік бейнелер (макеттер, карталар, атластар, плакаттар т.б.), фоторепродукциялар, көркемдік фотоальбомдар, балалар суреттері кіреді.