БАТЫРЛЫҚ ИНСТИТУТТЫҢ ДӘСТҮРІ МЕН МӘРТЕБЕСІ

Елбасы кітапханасында №47 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Жәдігерлер сөйлейді...» циклы бойынша «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебе және қаруландыру» тақырыбында  экскурсия-сабақ өткізілді.

Музей сабағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік әрі қоғамдық наградалары және қару-жарақ пен әскери жарақтардың бірегей коллекциясы қойылған «Даңқ галереясы» залында өтті. Бұл жәдігерлерді Елбасына әр жылдары мемлекет және ұйым басшылары, шет елдік өкілдер мен Қазақстан азаматтары  сыйға тартқан.

Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері Саягүл Жақыпова қатысушыларды қару-жарақ топтамасымен таныстырып, сыйға тарту дәстүрі туралы айтып, оның адамзат тарихындағы ең көне дәстүрлердің бірі екенін атап өтті.

Музей педагогы әлемге әйгілі қару-жарақ шеберлігі мектептерінің жұмыстарын көрсете отырып, тыңдаушыларға қазақ жауынгерлік қаруының дәстүрлі түрі – «бес қару» туралы баяндады.

Сабақта батырлардың жауынгерлік ерліктеріне ақсақалдардың бата беру рәсімі театрландырылған көрініс ретінде көрсетілді. Экскурсия-сабақ барысында оқушыларға музей қорындағы жәдігерлер, фото- және бейнематериалдар ұсынылды.