ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫН ЖАРИЯЛАЙДЫ

Елбасы кітапханасы балалар мен жасөспірімдер арасында бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер жанрындағы үздік арт-объектіні анықтау үшін «Тәуелсіздік ұрпағы» халықаралық байқауын жариялайды.

 

Байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы және педагог-суретшілердің халықаралық одағы ұйымдастырған.

Байқаудың мақсаты – Қазақстан мен шет мемлекеттердің мамандандырылған көркемөнер колледждері мен мектептерінің дарынды тәрбиеленушілерін анықтау әрі қолдау арқылы дәстүрлі халықтық көркемөнер кәсіпшілігі мен қолөнерін, көркем және сәндік-қолданбалы шығармашылықты дамыту.

Байқауға 3 топ бойынша: 10-12 жас, 13-15 жас және 16-18 жас аралығындағы жақын және алыс шет елдердің көркемсурет мектептерінің, өнер мектептерінің, Оқушылар сарайларының, бейнелеу өнері студиялары мен көркемөнер колледждерінің оқушылары қатыса алады.

Бейнелеу өнері (акварель, гуашь, акрил, түсті графика) және сәндік-қолданбалы өнері  (ағаш ою, батик, киіз басу, тоқыма коллаж, нақыштау) бойынша жұмыстар қабылданады.

Жұмыстар Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Бөгенбай батыр даңғылы, 17 мекенжайы бойынша 2021 жылғы 30 мамырға дейін қабылданады. Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы.

Байқауға қатысушылардың жұмыстарын өнер қайраткерлері, педагог-суретшілер одағының мүшелері, сәндік-қолданбалы өнердің жетекші шеберлерінен құралған қазылар алқасы бағалайтын болады.

Халықаралық байқаудың қорытындысы Астана күні қарсаңында шығарылады. Ең қызықты және мағыналы туындылар көрмеге қойылады.  Іс-шара аясында жетекші суретшілер мен өнер майталмандарының шеберлік сыныптары өтіп, Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады.