ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ПЕДАГОГТЕР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ

Елбасы кітапханасының Педагогтер кеңесі 2020-21 оқу жылының қорытындысын шығарды. Мекеме директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова атап өткендей, Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру бағдарламасы орта мектеп оқушылары мен халықтың әртүрлі санаттағы өкілдері үшін әзірленген музей педагогикасының барлық салаларын қамтиды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейіндеөткізілетін іс-шаралар ауқымы өте кең. Олардың қатарында мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған сабақтар, экскурсиялар, шеберлік сыныптары, вебинарлар, арт-терапия семинарлары, т.б. бар.

Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру бағдарламасы оқушылар мен студенттерге Қазақстанның жаңа тарихын, президенттік институттың қалыптасу және даму тарихын оқытуды, практикалық жаттығуларды өткізуді көздейді. Бұл бағдарлама биыл жаңартылған болатын. Атап айтқанда, «Елбасы мұрасы: жасампаз-шығармашылық идеялар мен стратегиялық бастамалары», «Рухани жаңғыру: дәстүр және жаңашылдық», «Атамекен» сияқты жобалар пайда болды. Жобалардың әрқайсысы белгілі жас санатындағы топпен жұмыс жасауға бағытталған.

 

Естеріңізге салсақ, пандемияға байланысты Елбасы кітапханасы оффлайн іс-шаралармен қатар онлайн форматтағы іс-шараларды белсенді түрде өткізіп келеді. Педагогтер кеңесінің отырысында 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат тыңдалды.

Педагогтер кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», ​​«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары мен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»мақаласына негізделген «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын білім беру процестерінің маңыздылығы туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №60 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі А.С. Хамитова «Үлкен регата» музейаралық жобасына тоқталды. Бұл іс-шара туған жер шежіресін білу арқылы Отан тарихын зерттеуге бағытталған.

Биылғы музейаралық регата жоғары деңгейде өтті. Елорда мектептерінің оқушылары астанамузейлерін аралап, қоғамымыздың өркендеуіне үлес қосқан белгілі адамдардың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алды.

Регата –  өзін-өзі дамытудың, білім мен дағдыларды жетілдірудің, ой-өрісті кеңейтудің қайнар көзі. Алдағы оқу жылында жоба өз жалғасын таппақ.

Қорытындылай келе, А.С. Хамитова Елбасыкітапханасының музей педагогикасы саласында белсенді жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші мекеме екенін белгіледі.