«ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА АДАМ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМДІ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ ҮШІН ДАЛАЛЫҚ АТҚА МІНУ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ» СҰХБАТ АЛАҢЫ

Ағымдағы жылдың 5 мамырында, сағат 11:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде (Бейбітшілік к-сі, 11) «Қазіргі заманда адам мен қоғамның өзара үйлесімді ықпалдастығы үшін далалық атқа міну өркениетінің тарихи маңызы» тақырыбында онлайн сұхбат алаңы құрылады.

Іс-шара ат міну өркениетінің далалық ерекшеліктерін анықтап, оны адамзат қоғамының тарихи моделі ретінде қарастыруды көздейді.

Оның барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және дала өркениеттері институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор В.Ф. Зайберт, EICON тұрақты даму компаниясының сарапшысы С.К. Цой баяндама оқиды. Іс-шараға тарих ғылымдарының докторы, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас ғылыми қызметкері З.С. Самашев, К.А. Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының доценті М.К. Хабдулина қатысады. Сұхбат алаңымен байланысқа еліміздегі жоғарғы оқу орындары мен олардың жанында жұмыс істейтін археология орталықтары онлайн шығады.

Қазақстанның солтүстігінде жануарды қолға үйретудің технологиясы ат міну өркениетін құрып, өзге ұлттардың қолдасынысына ықпалын тигізді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ат міну мәдениетінің ежелден бері көшпелі қоғамның сипатын толықтай суреттегенін белгілейді.

Табиғат пен климат жағдайына байланысты Ұлы дала тұрғындарының мәдениеті энеолит пен қола дәуірінде қалыптаса бастады. Ботай мәдениеті тарихымызға әсер еткен ежелгі археология мәдениетінің бірі. Оны 1980 жылы белгілі археолог В.Ф. Зайберт Солтүстік Қазақстан облысындағы Иманбұрлық өзенінің оң жағалауынан ашқан.