«ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА АДАМ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМДІ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ ҮШІН ДАЛАЛЫҚ АТҚА МІНУ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ» СҰХБАТ АЛАҢЫ

5 мамыр күні Елбасы кітапханасында «Қазіргі заманда адам мен қоғамның өзара үйлесімді ықпалдастығы үшін далалық атқа міну өркениетінің тарихи маңызы» тақырыбында сұхбат алаңы өтті. Іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылды.

Сұхбат алаңының жұмысына Қазақстанның жетекші тарихшылары мен археологтары, Нұр-Сұлтан қаласының жалпы орта білім беретін мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері, ҚР жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары, тарих, археология, этнология және өлкетану бойынша ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары атанған мектеп оқушылары қатысты.

–Тәуелсіздік жылдарында тарихшылар, археологтар, мәдениеттанушылар көшпенділер тарихындағы маңызды мәселелерді зерттеуде ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама шеңберінде көшпенділердің тарихи мұрасын зерделеудің біртұтас жүйесі қалыптасып, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері қайта жасалды, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесі терең зерттелді. 2013 жылы «Халық тарихы толқынында» бағдарламасы қабылданып, оның аясында Қазақстан тарихына қатысты ірі әлемдік мұрағаттардан құжаттарды жүйелі іздеу және зерделеу жұмыстары жүзеге асырылды. Ұлтымыздың жазушылары, ақындары, тарихшыларының ерен еңбегінің арқасында тарихи әділдік салтанат құрды. Мұнда археологтардың рөлі ерекше, олар көрнекі заттай материал негізінде ұрпақтары қазіргі қазақтар болған көшпенділер мәдениетінің бірегейлігін дәлелдеді. ... Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының теориялық негізін дамытатын «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында атқа міну мәдениетінің ежелден бері көшпелі қоғамның сипатын толықтай суреттегенін ерекше атап өтті, – деді іс-шараның ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

«Ботай макромәдениетінің қазақ халқы мен мемлекеттілігінің мәдениет генезисі үдерісіндегі рөлін мемлекеттік саяси тану», «Ұлттық идея ретінде бірыңғай ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы атқа міну және дала өркениетінің тарихи байланыстары» тақырыбында Ботай мәдениетін ашқан ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және дала өркениеттері институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт баяндама жасады.

– Мен азамат және ғалым ретінде 6000 жыл бұрын дала өркениетінің бастауында этникалық және тарихи тамыры Ботай салт аттылық мәдениетінен басталатын тарихи дана қазақ халқының ұлы екенімді мақтан етемін. Мен Ботай мәдениетін 40 жыл бойы диалектиканың негізгі заңдарының Гегель философиясы негізінде зерттеп келемін.Таптық-формациялық догматикалық теориялардан бас тарта отырып, мен соңғы екі жүз жыл бойы еуразиялық өркениеттің қайнар көзі ретінде еуроцентрлік әдіснамамен және тарихнамамен қабылданбаған ұлы қазақ даласы шын мәнінде тұрақты экономикалық және әлеуметтік-саяси дамудың далалық феномені болғанын түсіндім. Ұлы далада тарихи сәтсіздіктер жоқ, сонымен қатар ол отырықшы-егіншілік алқаптық мәдениеттерден тәуелсіз, өзін-өзі молайтатын гео-және социожүйе болып табылады, – деп атап өтті ол.

«Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасы жаһанданудың жаңа моделіндегі елдің тұрақты дамуының қайнар көзі»  баяндамасында EICON тұрақты даму компаниясының сарапшысы Сергей Цой Қазақстанға «Тұрақты дамудың мақсаттары» жаһанданудың жаңа моделіне өту тұрғысынан қарауды ұсынды.

–Жақында қабылданған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы, Жасыл экономикаға өту тұжырымдамасын іске асыру жоспары, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары ТДМ-мен сусындап тұр. Ал мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі тұжырымдаманың орталығы экономикадан адам құндылықтарына көшкенін аңғартады. БҰҰ-ның жаһандық күн тәртібіне сәйкес, Қазақстан да адам өмірінің сапасын арттыруды көздеп отыр. Бұл жұмыс – билікке де, азаматтық қоғамға да ортақ іс,  – деді С.Цой. Ол ТДМ-ға мәдени-тарихи мұра арқылы әрбір қазақстандықтың өзін-өзі анықтаусыз, ортақ идеологиялық және рухани тұғырнамасыз, жаңа патриотизмді қалыптасуынсыз қол жеткізе алмайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ көшпенділер өркениетін ашу жөніндегі тұрақты жобаны іске асыруды ұсынды.

«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев өз сөзінде:

– Осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын Виктор Федорович бұл феноменді әлемдік ғылым үшін ашты, біз енді ғана осы жаңалықтың дүниежүзілік тарихи маңыздылығын түсіне бастадық. Қазіргі жағдайда бұл ұлттық сана-сезімді дамыту және ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін өте маңызды.

– Ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге жету үшін ондаған жылдар қажет екендігін көріп отырмыз. Алғашқы онжылдықта сізді ешкім білмеуі мүмкін. Тек үздіксіз зерттеу, зерделеу, тәсілдерді жетілдіру арқылы ғана маңызды тарихи және саяси тұжырымдамаға қол жеткізуге болады, – деп атап өтті К.Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының доценті Марал Хабдулина.