МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ДЕРИЖЕРІ АХМЕТ ЖҰБАНОВ 115 ЖАСТА

Қазақ музыка мәдениетінің іргетасын қалаған азаматтардың бірі, музыка саласының тұңғыш академигі, тұңғыш өнертану докторы, қазақтың халық әртісі Ахмет Қуанұлы Жұбанов биыл 115 жасқа толып отыр.
Ахмет Қуанұлы 1906 жылдың 29 сәуірінде, қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданында туған. Өнердегі алғашқы ұстаздары – Талым күйші мен ауыл мұғалімі Қ.Ашғалиев болса, өмірге  көзқарасының қалыптасуына жазушы Ж.Тілепбергенов, ғалым ағасы Қ.Жұбанов әсер етті.

Ол Қазақстанның барлық түпкірлеріне барып, халық композиторларының өмірі жайлы мәліметтерді жақсы білетін қарттармен сөйлесіп, талай қалалардың шаң басқан архивтерін ақтарып көп материалдар жинастырған. 

Бірінші үлкен еңбегі – қазақ күйлерінің барлығын оркестрге лайықтап жазуы. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестірінде ойналатын тамаша қазақ күйлерінің бірен-сараны болмаса, қалған басым бөлігі – Ахмет Жұбановтың еңбегі. Бір ғана домбыра арқылы берілетін күйдің ырғақ, мелодия, гармония, тағы басқа жақтарының қыбы мен жігін ашып, әр аспаптың өзіне сай дыбыс әуезелерін бөліп беріп және көптеген аспаптар қосыла орындағанда бүтін бір дүние етіп шығару да жеп-жеңіл еңбек болмаса керек. 

Музыка зерттеушілердің айтуынша, бұл мейлінше қиын, үлкен-үлкен еңбекқорлықты және музыканың теориясын жақсы білумен қатар, композиторлық талантты керек ететін жұмыс. Ол қасиеттердің бәрі бір адамның басынан табылуы арқасында ғана қазақ күйлерін оркестр нотасынатүсіру аз жылдар ішінде тез іске асырылған. 

Екінші үлкен еңбегі – музыканы түсіндіру, уағыздау. Оның музыка туралы жазған 300-ден астам мақала-рецензиялары, 14-15 үлкенді-кішілі кітаптары қазақ музыкасын дәріптеп, халыққа таратуға, адам баласының жан азығы – музыканы, оны авторларын қастерлеуге арналды. 

Үшінші үлкен еңбегі – қазақтың ұлттық аспаптар оркестрін құруы. Бұл – қазақ музыкасын өркендетужолындағы Ахмет Жұбанов ашқан ғажайып құбылыс! Бұрын әр киіз үйдің, жиынның арасында ғана үні шығатын домбыра, қобыз, дабыл, сыбызғы сияқты құралдардың бәрі А. Жұбановтың басқаруымен үндерін тұтастырып және өрнектендіріп, қәзір дүниежүзілік мәні бар, мәдениетті оркестрге айналып отыр. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы                            Н.Ә. Назарбаев, Ақтөбе қаласына жұмыс сапары кезінде «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықты аралып көрді. Орталық Жұбановтар әулетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынған болатын. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында ғалымның: «Ғасырлар пернесі» атты еңбегімен танысуға болады. Бұл кітап  қазақтың халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктерден құралған. Бұл очерктерде негізінен Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Абылдың, Тәттімбеттің, Қазанғаптың шығармашылығынан соңғы деректер берілген. 

«Замана бұлбұлдары» кітабы сонау Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхаттардан бастап қәзіргі ән қайраткерлері туралы әңгіме жазылған.  

Көп томдық «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітабы «Ғылыми қазына» сериясының бұл томына академик Ахмет Жұбановтың қазақ күйшілері мен әншілері туралы 1942 жылы қазақ тілінде тұңғыш рет жарыққа шыққан «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты еңбегі енген. Кітапта халқымызды өткен өмірінен қызықты көріністер, дарынды халық композиторлары туралы ой-пікірлер, сирек деректер келтірілген.

Сонымен бірге: құрастырушылары Н. С. Кетегенова, А. Қ. Омарованың «Қазақ музыка өнерінің ғұламасы» атты кітап А.Қ. Жұбановтың 100 жыл толуына орай әзірленген танымдық еңбекте Қ. Жұбановтың замандастарының, шәкірттерінің эссе-естеліктері мен композитор-педагогтің өзінің де өнер туралы мақалалары енгізілген. Аталған еңбектермен оқырман қауым толық таныса алады.

Серік Қирабаевтың «Өмір тағылымдары» естелік кітабы.  Автор XX ғасырдағы қазақтың ұлы азаматтары М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, І. Омаров, А. Жұбанов, Қ, Жұмалиев, М. Ғабдуллин, Ә. Сембаев, Ә. Шәріпов т.б. қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбегі туралы қызықты әңгімелер айтылған.