ӨНЕРДІҢ ШИПАЛЫҚ ҚАСИЕТІ

Бүгін Елбасы кітапханасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Өнердің ғажайып әлемі» арт-терапиясы өтті. Игі дәстүрге айналған іс-шараны Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметі мен Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы, «Жаңғыру» психологиялық орталығы ұйымдастырды.

 

Арт-терапияға «Мүгедектігі бар балалардың Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдастығы» ҚБ, «Балам-ай» ҚФ кіші тәрбиеленушілері мен ата-аналары қатысты.

Мұндай терапия денсаулығы осал, мүмкіндігі шектеулі жандардың психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан оң өзгерістерге қол жеткізуіне демеу беруді көздейді. Арт-терапия мазасыздықты басып, ішкі дағдыларды дамытуға, қолда жоқ мүмкіндіктердің орнын толықтыруға ықпал етіп, қоғамға сіңуге, адамдармен байланысқа бейімделуге көмектеседі.

– 15 жылдам астам уақыт бойы музейдің білім бағдарламалары аясында мекемеміз дамуында ерекшелігі бар балаларға жыл сайын мереке ұйымдастырып келеді. Сондықтан да бұл балалардың басым көпшілігі көз алдымызда өсті. Оларға қуаныш сыйлап, бейімделуіне көмектесуді, ата-аналарды жаңа байланыс әдістерімен таныстыруды біз міндет санаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев  жастарды қолдау мен оларға білім берудің барлық бағыттарына зор көңіл бөледі. Посткеңестік кеңістікте мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік, медициналық-педагогикалық қолдауына көңіл бөлген мемлекеттердің ішінен Қазақстан бірінші боп арнайы заң қабылдады. 2008 жылдың желтоқсанында еліміз «Бала құқығы» конвенциясына қосылып, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау міндетін қолға алды. Азаматтардың бұл санатын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар мен бастамалар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы                          Қ.К. Тоқаев бұл ұстанымды қолдап, қамқорлыққа зәру азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне көңіл бөлуді жалғастырып келеді, - деп іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Преиденті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботакөз Қайыпова мекеме директоры Бақытжан Темірболаттың атынан «Мүгедектігі бар балалардың Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдастығы» ҚБ, «Жаңғыру» психологиялық орталығының қызметкерлеріне алғыс хаттар таратты.

 

«Мүгедектігі бар балалардың Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдастығы» ҚБ өкілдері де Елбасы кітапхананың ұжымына ризашылығын білдірді.

Арт-терапия аясында ұйымдастырылған «Ертегі әлеміне саяхат» шығармашылық мерекесінде қатысушылар белгілі кейіпкерлермен кездесіп, бірге ойнау мүмкіндігіне қол жеткізді. «Ару» би ансамблі көрермендерге «Сырлы өрнек» биін тарту етті.

Саз бен сурет терапиясы балалардың зейін қою қабілетіне жағымды ықпалын тигізіп, сенсорлық түйсігі мен шығармашылық қиялына ерік берді, психоэмоциялық мазасыздықты төмендетіп, адамдармен байланыс орнату мүмкіндігін күшейтті.

Шара соңында балалар естелік сыйлықтармен марапатталды. Қонақтар Елбасы кітапханасы музейінің залдарына экскурсия жасады.