«ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТУРНИР ӨТТІ

Елбасы кітапханасы жанындағы «Ақиқат» пікірталас клубы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында «Тәуелсіздік – басты құндылық» тақырыбында Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогы үшін онлайн пікірталас турнир өткізді.

Турнирде егемен ел  тарихындағы өзекті мәселелерді талдау арқылы жастардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысын дамытатын тақырыптар ұсынылды. Оқушылар Қазақстан мектептеріндегі үштілділік саясат, «жайлылық аймағынан шығу» идеясы, қашықтан оқу жүйесінің зияны мен пайдасын талқылап, тың идеялар  айтып, өз ойларын ортаға салды.

 

Іс-шараның марапаттау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова сөз сөйлеп, «Ақиқат» пікірталас клубының 10 жылдығымен құттықтап, турнирдіңмаңыздылығына тоқталды. 

«Жыл сайын Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогы үшін турнир өткізу игі дәстүрге айналып келеді. Ашық пікірталас алаңына жиналатын жастар өз көзқарастары мен пікірлерін білдіріп қоймай, өзара достасып та үлгереді. Осындай пікірсайыстар арқылы сіздер белгілі бір тақырып барысында өз ойларыңызды ортаға салып, басқаның пікірін тыңдауға үйренесіздер, бір-біріңізге қолдау көрсетесіздер. Бүгінде құрылғанына 10 жыл толған «Ақиқат» пікірсайыс клубының қалыптасқан аудиториясы бар. Алдағы уақытта клуб өзінің мақсат-міндетін кеңінен жүзеге асырады деп сенемін», –деді Б.Қайыпова.

Турнирге елорда мектеп оқушыларынан құралған 33 команда қатысты. Оның 20 қазақ тілінде болса, 12 орыс тілінде.

Жүлделер орны төмендегідей бөлінді:

Қазақ лигасы:

І орын – № 15 лицейінің «Аманат» командасы;

ІІ орын –  № 69 мектеп-гимназиясының  «Зияткер» командасы;

ІІІ орын –  №5 гимназиясының «Ақсүйектер» командасы.

Орыс лигасы:

І орын –  № 3 мектеп-гимназиясының  «Митра» командасы;

ІІ орын – №1 мектеп-лицейінің «Феникс» командасы;

ІІІ орын – №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің «Дарын» командасы.

Сонымен қатар «Үздік спикер», «Үздік төреші», «Үздік бапкер» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар  мен сыйлықтармен марапатталды.